Періште түрлері
1. Жебірейіл періште. Алла тағаланың барлық пайғамбарларына уахи жеткізуші періште. Яғни, Алла Тағала мен пайғамбарларының арасындағы елші. Жебірейіл періште Құранда «рух» деп те аталады.
﴾وَإِنَّهُ لَتَنزِيلُ رَبِّ الْعَالَمِينَ نَزَلَ بِهِ الرُّوحُ الْأَمِينُ عَلَى قَلْبِكَ لِتَكُونَ مِنَ الْمُنذِرِينَ﴿
«Әлбетте бұл (Құран) – әлемдер Раббысының түсірген кітабы. Оны сенің жүрегіңе ескертушілерден болуың үшін Сенімді Рух (Жебірейіл) әкелді».
2. Микайл періште. Жаратылыстағы оқиғалардың, жалпы әлемдегі жан иелерінің рызықтары мен рызықтарының жел, бұлт, жаңбыр секілді себептерін қадағалайтын періште.
3. Исрафил періште. Бұл періште қиямет күні Алла Тағаланың бұйрығымен сырнайды алғаш үрлегеннен кейін Ұлы Жаратушының қалаған кейбір жаратылыстарынан тыс көктегі және жердегі барлық жаратылыс пәнилікке бас иеді. Сосын екінші рет сырнайға үрлеген уақытта бәрі қайта тіріледі.
Құранда:
﴾وَنُفِخَ فِي الصُّورِ فَصَعِقَ مَن فِي السَّمَاوَاتِ وَمَن فِي الْأَرْضِ إِلَّا مَن شَاء اللَّهُ ثُمَّ نُفِخَ فِيهِ أُخْرَى فَإِذَا هُم قِيَامٌ يَنظُرُونَ﴿
«Сырнай үрленді, Алланың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен аяққа тұрып жан-жағына қарап қалады», – делінеді.
4. Әзірейіл періште. Барлық ажалы жеткен адамдардың рухын алумен міндеттелген періште. Әзірейіл періштенің бұйрығына бағынатын басқа да періштелер бар.
5. Құрсақтағы сәбиге жан үрлейтін және ырзығын, ажалын, дүниеде істейтін амалдарын, бақытты яки бақытсыз болатынын жазумен міндеттелген періштелердің бар екенін хадистерден аңғарамыз.
6. Кираман-Катибин. Құлдарының жақсы-жаман амалдары мен істерін жазумен міндеттелген періштелер. Алла Тағала әрбір адамның оң жағы мен сол жағына екі періштені жақсы-жаман амалдарын жазу үшін өкіл етіп қойған. Бұл екі періште адамның істеген үлкенді-кішілі, жария яки құпия, жақсы-жаман әрбір ісін, сөйлеген әрбір сөзін қадағалап, амал дәптерлеріне жазып тұрады.
Құранда:
﴾وَإِنَّ عَلَيْكُمْ لَحَافِظِينَ كِرَاماً كَاتِبِينَ يَعْلَمُونَ مَا تَفْعَلُونَ﴿
«Сендерді (жандарыңнан ажырамайтын) арнайы бақылаушылар бар. (Олар) ардақты жазушылар. Сендердің не істегендеріңді біледі».
وَلَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ وَنَعْلَمُ مَا تُوَسْوِسُ بِهِ نَفْسُهُ وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ﴿
مِنْ حَبْلِ الْوَرِيدِ إِذْ يَتَلَقَّى الْمُتَلَقِّيَانِ عَنِ الْيَمِينِ وَعَنِ الشِّمَالِ قَعِيدٌ
﴾ مَا يَلْفِظُ مِن قَوْلٍ إِلَّا لَدَيْهِ رَقِيبٌ عَتِيدٌ
«Еш күмәнсіз адамды біз жараттық және біз нәпсісінің оған не сыбырлайтынын да білеміз. (Өйткені) Біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның оң жағында және сол жағында отырған әрбір ісін жазатын екі періште бар. Бір сөз сөйлер-сөйлемес жанында оны (сөзді) жа-зушы және балқылаушы дайын тұрады».
Адам баласы жиырмасынша ғасырда-ақ дыбысты және әртүрлі көрініс, қимылдарды жазатын құралдар тауып шығарды. Әрине, Алла Тағаланың періштелері мұндай құрал-жабдықтарға мұқтаж емес. Дегенмен, адам баласының өзі бойындағы шектеулі қабілеттерімен осындай жазатын құралдар тауып шығарып жатса, Алла Тағаланың адамның істеген әрбір ісі мен әрбір сөзін жаза-тын жазушылары неге болмасын? Есеп күні періштелердің жазғаны бейне бір жазып алынған бейнетаспадай көрсетіледі. Қиямет күні адам баласы өз құлағымен дүниеде сөйлеген жақсы-жаман әрбір сөзін естіп, істеген әрбір амалдарын өз көзімен көреді. Күнәһарлар істеген күнәларын көріп тыныстары тарылып, өн бойынан шып-шып аққан суық терге көміліп, қызарып-сазарып, қорқыныштан жүректері діріл қағып жатқанда, тақуа жандар жасаған игіліктерін көріп жан жүректерімен «әлхамдулиллаһ» деп Раббыларына шүкір етіп, көңілдері жұбаныш тауып, шексіз қуанышқа бөленеді. Демек, ақыретте адам баласының әрбір істеген істеріне өзі істеген амалдары куәлік етпек. Күнәларын мойындағысы келмей, тұра қашқысы келген адамдардың алдынан дүниедегі әрбір ісі «Қайда барасың? Мені істеген сенсің» деп шыға келеді.
7. Мүнкәр-Нәкир періштелері. Қабірдегі адамдарға «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Кітабың не?» деген сияқты сұрақтарды қоятын әрі адамдардың осы сұрақтарға берген жауаптарына қарай қарым-қатынас жасайтын періштелер. Мүнкәр-Нәкир «бейтаныс, бөтен» деген мағыналарды білдіреді. Қабірдегі адамға бұрын-соңды көрмеген кейіпте, бейтаныс көрінетіндіктен осы атпен аталған.
8. Зәбания періштелері. Ақыретте тозаққа барғандарды азаптау ісі міндеттелген періштелер.
9. Ридуан періштелері. Жәннатқа кіру бақытына кенелгендерге қараушы періштелер.
Басқа да періштелер
Ұлы Жаратушының Аршын таситын, сүйікті құлдарының жүрегіне туралықты, ақиқатты илһам ететін, намаз оқығандармен бірге «фатиха» сүресінің соңында «Амин» деп дұға ететін, әрбір таң және екінді намаздарында мүминдермен бірге болатын, Құран оқылған уақытта арнайы жер бетіне түсетін, ғылым алқалары мен өз араларында Алланың кітабын оқып, уағыз айтып, Оны еске алу үшін жиналған барлық жерлерді арнайы аралап, сол жердегілерге Алладан рақымдылық тілеп, кешірім өтінетін, әрбір адамды қорғап жүретін, Бәдір шайқасында көмектескендей шынайы мұсылмандарға қиын кезеңде Алланың рұқсатымен көмектесетін періштелердің де бар екенін хадистер мен аяттардан аңғарамыз. Періштелердің жалпы саны бізге беймәлім.